Чехияның солтүстігіндегі Теплице шипажай қаласында 7 мамырға қараған түні біреулер Қызыл Армия жауынгерлеріне қойылған ескерткішті бүлдіріп кеткен. Бұл туралы чехиялық бұқаралық ақпарат құралдары хабарлады.
Бұдан 70 жыл бұрын, 1955 жылы қаладағы саябаққа қару асынған қызыләскер ескерткіші орнатылған болатын. Тастан жасалған мүсін ресми түрде мәдени мұра ескерткіші мәртебесіне ие болмағанымен, әскери мемориалдармен айналысатын қорғаныс министрлігінде тіркелген. БАҚ деректеріне сүйенсек, ескерткіштің көлемі мен салмағын ескере отырып, оны бір топ адам қиратқан болуы мүмкін. Тұғырынан құлатылған ескерткіш быт-шыт болып қирап қалған. Таңертең сол маңнан өтіп бара жатқан адамдар ескерткіш бүлінгенін көріп, қалалық полицияға хабар берген.
Полиция бұл оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғап, ескерткішті жоюға қатысы бар адамдарды іздестіріп жатыр. "Бұл мүсіннен қоғамның бір бөлігі қандай нышан көретініне қарамастан, кез келген вандализм әрекетін келіспеушілік білдіру әдісі деп қабылдауға болмайды", – деп мәлімдеді қала мэрі Иржи Штабл. Қала меншігіндегі бұл ескерткіш қайта қалпына келтіріле ме, жоқ па, ол жағы әзірге белгісіз.
Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Чехияда совет жауынгерлеріне қойылған ескерткіштерге зақым келтіру оқиғалары жиілеген. Алайда ондай әрекетке баратындар ескерткішті қиратып-сындырмай, көбінесе граффити салып не жазу жазып кететін.
Әскери ескерткіштер, соның ішінде совет символикасы барлары да, Чехияда мемлекеттің қорғауына алынған. 2020 жылы Прагадағы аудан әкімшілігінің шешімімен совет маршалы Иван Коневтің ескерткіші тұғырынан алынып тасталды. Бұл іске Мәскеу қатты наразы болды. Қала билігі бұл әрекетті 1956 жылғы Венгриядағы халық көтерілісін басып-жаншуға және 1968 жылғы Чехословакиядағы оқиғаларға маршал Коневтің қатысы болғанымен түсіндірді. Одан бөлек, ең басты себеп ретінде, ескерткіш 1980 жылы орнатылғанын және оның Чехословакияны азат ету символы емес, керісінше, 1968 жылғы "Прага көктемі" оқиғаларынан кейін Совет одағына кіріптар, тәуелді елдің белгісі ретінде қабылданып келгенін атап көрсетті.