Үндістан мен Пәкістан әскері Джамму мен Кашмирдегі бақылау шекара сызығында атысып жатқанына екі күн болды деп жазды Reuters агенттігі.
Үндістан әскерінің хабарлауынша, сарбаздар пәкістандық әскердің жарым түнде атқан оғына жауап берген. Зардап шеккендер жөнінде ақпарат хабарланбады.
22 сәуірде Үндістан бақылауындағы Кашмирдің бір бөлігінде туристерге қарулы шабуыл жасалғаннан кейін Үндістан мен Пәкістан арасы күрт ушыққан. Жауапкершілікті аса танымал емес сепаратистік топ мойнына алды. Үндістан теракт ретінде сипаттаған шабуылдан 26 адам қаза болған. Шабуылдаушы үш адамның екеуінде Пәкістан азаматтығы бары айтылды.
Қарулы шабуылдың ертесінде Үндістан билігі Пәкістан азаматтарына берілген барлық визаның күшін жойған. Бұған қоса, Үндістан Пәкістанмен жалғыз шекара өткелін жауып, Үнді өзенінің су ресурсын пайдалану туралы келісімді үзді. Бұл келісім 1960 жылы жасалған және Үндістан мен Пәкістан өзара соғысып жатқанына қарамастан күшінде қалған еді.
Пәкістан билігі бейсенбі күні Үндістан азаматтарының визаларының күшін жойды. Одан бөлек, бейсенбі күні үнді әуе компанияларына әуе кеңістігін жауып, Үндістанмен кез келген сауда қарым-қатынасын тоқтатынын мәлімдеді. Бұған қоса, бірқатар үнді дипломаттары елден шығарылмақ.
- Үнді түбегінде британ билігі аяқталған соң Пәкістан мен Үндістан екіге жарылған 1947 жылдан бері екі мемлекет Кашмир аймағы үшін таласып келеді. Екі ел де оны өз жері деп санайды. Кашмирдің үнділік бөлігіндегі сепаратистік топтар аталған аумақ Пәкістан бақылауында болуы керек деп санайды.