ЖАҢАЛЫҚТАР
Жаңаөзенде газдың қымбаттағанына наразы ел жолды жапты, оларды басқа өңірлерде де жұрт қолдады

2 қаңтарда Жаңаөзенде газдың қымбаттағанына наразы жүздеген адам әкімдік алдына жиналып, қала орталығындағы жолды жауып, биліктен газ бағасын түсіруді талап еткен. Бұл туралы Азаттыққа Жаңаөзеннен хабарласқан азаматтық белсенді Серік Бақтыбайұлы айтты. Оның сөзінше, қалада сұйытылған көлік газы 31 желтоқсанда 100 теңгеге, ал 1 қаңтарда 120 теңгеге көтерілген.
– Былтыр пандемия кезінде 38 теңге болған газ кейін 50 теңге, содан соң 79-80 теңгеге көтерілді. Қаладағы газ сататын стансаларда көліктер тәуліктеп кезекте тұрғанымен газ жоқ. Ал міне 120 теңгеге көтерілгенде барлық стансада газ пайда болды, кезек те жойылды. Бірақ оны сатып алу мүмкін емес, елдің қалтасы көтермейді, - дейді жаңаөзендік белсенді.
Серік Бақтыбайұлының айтуынша, газ бағасын төмендетуді талап еткен жүздеген адам көшеге шыққан. Арасында такси жүргізушілері мен көлігі жоқ адамдар да бар.
– Көлігі жоқ адамдар да келіп тұр. Өйткені олар газдың қымбаттауы ертең басқа да маңызды тұтыну тауарлары мен азық-түліктің қымбаттауына әкеледі деп санайды, – дейді Серік Бақтыбайұлы.
Серік Бақтыбайұлы Жаңаөзендегі наразылықты Facebook’тегі парақшасында видеоға түсіріп тұрды. Жиналғандар Маңғыстау облысы әкімі Нұрлан Ноғаевқа, Жаңаөзен қаласы әкімі Мақсат Ибағаровқа үндеу жасап, тез арада газ бағасын 50 теңгеге түсіруді және газ тапшылығын болдырмауды талап етті.
– Газ өзімізден шығады. Ол жерде көбіміздің ағайын-туысымыз жұмыс істейді. Солар өндіріп отырған газдың бізге жетпеуі ақылға сыймайды. Алдымен өзімізді қамтамасыз етпей газды басқа жаққа, Ресейге шығармасын. Газ бағасы елдің жалақысына сай болсын. Бағасын 50 теңгеден асырмасын. "Жаңаөзен – бай қала" деген бос әңгіме. Азғантай топ қана мұнай саласында жұмыс істейді, – деді қала тұрғындарының бірі.
Жиналғандар өздері қойған талапты тез орындауды талап етіп, әкімдік орналасқан орталық көшені жапты. Видеода тұрғындардың ешқайда тарамайтыны, облыс билігі мәселені шеше алмаса Нұр-Сұлтаннан энергетика министрлігінен адам келуін талап еткені көрсетілген. Олар "Алға, Қазақстан!" деп айқайлап, биліктен газ бағасын төмендетіп, елдің жағдайына назар аударуды сұрады.
Наразы жұртқа Жаңаөзен қаласы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Ғалым Байжанов келді. Оның сөзінше, қала әкімі Мақсат Ибағаров қазір кезекті еңбек демалысында.
– Талапты қағазға түсіріп беріңдер, оны жоғары жаққа жеткіземін, – деді Ғалым Байжанов наразы халыққа.
Жиналғандар бұған дейін де ондай қағазды бірнеше жыл бойы жазып, жолдап келе жатқанын, сондықтан ешнәрсе жазбайтынын және талабы орындалмайынша тарамайтынын айтты.
Қаланың орталық бөлігінде интернет байланысы істемей қалғаны жайлы хабар тарады.
Азаттық тілшісі Жаңаөзен қаласы әкімдігіне хабарласты.
– Қазір бұл туралы ешқандай комментарий бере алмаймын. Газ бағасын реттеу әкімдіктің құзырында емес. Біз тек мониторинг жасап, қарап отырмыз жағдайды. Жолды жауып тастап тұр, өзіңіз көріп отырсыз ғой, – деді Жаңаөзен қаласы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Ғалым Байжанов.
2 қаңтар таңертең басталған Жаңаөзендегі халық наразылығы әлі жалғасып жатыр. Түстен кейін Маңғыстау өңірінің өзге аудандарында да жұртшылық оларға қолдау білдірген. Қарақия ауданындағы Жетібай кенті мен Құрық ауылында, Түпқараған ауданы Ақшұқыр ауылында тұрғындар жиналып, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, облыс әкімі Нұрлан Ноғаев пен аудан әкімдеріне видеоүндеу жолдады. Онда тұрғындарға сатылатын сұйытылған газ бағасын 50-60 теңгеден асырмауды талап еткен.
Атыраулық белсенді Макс Боқаев жексенбі күні Атыраудағы Исатай мен Махамбет алаңына шығып, жаңаөзендіктер талабын қолдаған. 2016 жылы үкіметтің жер реформасына қарсылық білдіріп, наразылық жиынын өткізгеннен кейін 5 жылға сотталған, былтыр ақпанда түрмеден бостандыққа шыққан бұрынғы саяси тұтқын Боқаев Жаңаөзен тұрғындары негізі бар заңды талап қойып отыр деп біледі. Оның сөзінше, Қазақстанның табиғи қазба байлығы мол батыс өңіріндегі тұрғындардың көбінің мұнай-газ саласында жұмыс істемейтіндіктен табысы аз, сондықтан газдың қымбаттауы қарапайым халыққа қатты білінеді.
Маңғыстау тұрғындарының газ бағасын төмендетуді талап етіп жиналғаны алғаш рет емес. 2020 жылғы қаңтарда Жаңаөзенде сұйытылған газ бағасы 55 теңгеден 65 теңгеге өскен. Сол жолы да тұрғындар қала әкімдігіне жиналып, газ бағасын 55 теңгеге түсіруді талап еткен. Кейін қала әкімі Мақсат Ибағаров Жаңаөзенде газ 55 теңгеден сатылады деп уәде беріп, 52 кәсіпкермен сөйлескенін айтқан.
Жаңаөзенде сұйытылған газ өндіретін жалғыз компания – Қазақ газ өңдеу зауыты бар. Он жыл бұрын облыста газ бағасы 30–35 теңге болатын. 2011 жылы еңбек жағдайын жақсартуды талап еткен мұнайшылардың жеті айға жалғасқан ереуілін 16 желтоқсанда полиция оқ атып (ресми дерек бойынша, 17 адам қаза тапқа) таратқан Жаңаөзен қаласында одан бері газ бірнеше рет қымбаттаған.
Жергілікті билік халыққа газ бағасының жиі құбылуының себебін әртүрлі түсіндіреді. Бірде Қазақ газ өңдеу зауытындағы жөндеу жұмысына сілтесе, енді бірде газ бағасын энергетика министрлігі бекітетінін айтқан. Ал зауыт басшылығы министрлік бекіткен газ бағасын зауыт электронды сауда алаңына шығарып пайда табуы керектігін көлденең тартады.
БИЛІКТІҢ ЖАУАБЫ ҚАНДАЙ?
Оқиғаға байланысты облыс әкімдігі мен Қазақстанның энергетика министрлігі түсініктеме берді. Билік өңірдегі көліктердің ауқымды бөлігі отын ретінде пайдаланатын газ нарықта қалыптасқан жағдайға және сұраныстың көбеюіне байланысты қымбаттады деп түсіндірді.
Министрліктің мәлімдеуінше, елде жыл сайын сұйытылған газ тұтыну артып отырады, ал өндіріс көлемін өткен жылдардағыдан өзгермеген. 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап сұйытылған газ толықтай тауар биржасы арқылы сатылады, "электрон сауда-саттыққа көшу сұраныс пен ұсынысқа сүйене отырып теңгерімді баға қоюға мүмкіндік береді", ол өндіріс қуатын арттыруға қажет инвестиция тартуға септеседі дейді министрлік.
"Нарық механизмдері бәсекелестікті дамытуға оң әсер етеді. Электрон сауда-саттыққа көшкенге дейін сұйытылған газ өзіндік құнынан арзан бағамен сатылғандықтан өндірушілер шығын шегіп келді" дейді министрлік.
Маңғыстау облыстық әкімдігі өңірдегі газ өндіретін жалғыз кәсіпорын – Қазақ газ өңдеу зауыты ай сайын шығаратын 14,5 мың тонна газ аймақтағы сұранысты толық өтей алмайтынын, сол себепті 3,5 мың тонна газ облыстан тыс жерден жеткізілетінін айтты. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бердібек Қартбаевтың сөзінше, 1973 жылдан бері жұмыс істеп тұрған зауыттың құрал-жабдығының тозуы 90 пайызға жеткен.
"Егер шұғыл шара қабылданбаса, болашақта зауыт тоқтап, тиісінше, сұйытылған газ қат болуы мүмкін. Жаңа зауыт салу жоспары бар, оны іске асыру үшін тиісті шаралар атқарылуы тиіс, солардың бірі – сұйытылған газ нарықтағы сұранысқа сай бағамен сатылуы керек" дейді Қартбаев. Оның сөзінше, Маңғыстау облысында бөлшек саудада бір литр сұйытылған газды орташа есеппен 95-115 теңге атеңге ралығында сатылады.
"Бұрынғы 60 теңге деген баға қайтып келмейді, өйткені қазір биржада тасымал және кәсіпкер шығынын есептемегенде газдың литрі 70-85 теңге тұрады. Тұтастай алғанда газ бағасын сұраныс пен ұсынысқа сәйкес етіп нарықтың өзі белгілейді. Әкімдік газ бағасын реттеуге араласпайды, өйткен бұл бәсеке бар ортаға тиесілі тауар" дейді Қартбаев.
Басқа да жаңалықтар
Сот Маралдыдағы фабрикаға қарсылық білдірген тұрғынды 6 күнге қамады

7 мамырда Өскемен қаласының соты Шығыс Қазақстан облысы Маралды ауылындағы алтын өндіретін фабриканың жұмысына наразылық білдірген Өскемен тұрғыны Тоқтасын Нәбиевті 6 күн әкімшілік қамауда ұстау туралы шешім шығарды. Бұл жөнінде бейсенбіде Азаттыққа белсенді Талғат Исин хабарлады.
– Ауылымыздың тумасы алтын фабрикасының жарылыстары қауіпті деген пікірі үшін ұсталды. Жергілікті халық жарылғыш заттар ауыл көшелерімен тасылатын болса қауіпті ғой деп алаңдайды. Былтыр Өскемен – Самар тасжолында жарылғыш зат тасыған жүк көлігі жарылып кетті. Ондай жағдай ауыл ішінде қайталанбасына кім кепіл? Әлгіндей жарылыс болғаны қауіпсіздігімізге кепіл жоқ екенін көрсетеді, – деді Талғат Исин.
Тоқтасын Нәбиевке Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңның "бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру тәртібін бұзу" деген бабы бойынша айып тағылған. Сот қаулысында ол Маралды ауылының тұрғындары мен тумалары отыратын WhatsApp желісіндегі чатта жұртты "заңсыз митингіге шақырған" деп жазылған. "Ол халықты фабрика басына барып, кәсіпорын жұмысын тоқтатуға үндеген" деген кінә тағылған. Судья айыпталушының кінәсін ортақ топтағы жазбалары анық дәлелдейді деген ұйғарым шығарды.
Нәбиевті 7 мамырда полиция үйінен алып кеткен. Өзі сол сәтте түсірген видеосында тағылған айыпқа келіспейтінін, фабриканың жарылыс жұмыстары туған ауылына қатер төндіреді деп алаңдайтынын айтқан. WhatsApp желісіндегі хатын "бейбіт сипатқа ие", "ешкімді зорлық-зомбылыққа немесе құқыққа қарсы іс-әрекетке үндемейді" деп атаған. Кейін Қазақстанның құқық қорғау ұйымдарына жазған хатында өзінің "пікір білдіру еркіндігі бұзылып отырғанын", "істің саяси астары барын" келтірген.
Ресми Астана елде ешкім ой-пікіріне я саяси көзқарасына бола қудаланбайды дейді.
Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Маралды ауылында алтын өндіру фабрикасы 2024 жылғы 26 қарашада іске қосылған. Жергілікті халық оның салынуына екі жылдан астам уақыт қарсылық танытты, алтын өндірісі ашылса да зауыт жұмысын тоқтатсын деген талапарын жергілікті әкімдікке айтуды доғармады.
– Қарсы болып келе жатқанымызға үш жылдан асты. Фабрика астынан бұлақ шығады, зираттарды күреп тастады, басқа да заңсыздық көп. Дәлелдерімізді полицияға ұсынсақ та көз жұма қарайды, – деді Талғат Исин.
Ауыл тұрғындары фабриканың алтынды топырақтан цианид қоспасымен ажыратуы қоршаған ортаға қауіпті деп есептейді. Сонымен бірге жарылыс жұмыстары аң-құсты үркітіп, ауылдағы ара шаруашылығына да кері әсер етеді дейді. Тәуелсіз экологтар да зауыт жобасының мінсіз іске асатынына күмән келтіріп, цианид қоспасы көктемгі қар суымен және жерасты суымен араласып, өзенді улайды деген.
Фабрика халықтың алаңдаушылығынан кейін жобаға қосымша өзгеріс енгізілді, цианид суын топыраққа өткізбейтін қабат екі есе қалыңдатылды деп мәлімдеген. Сонымен бірге жобада кәсіпорын экологияға зиян келтірмейді деп көрсетілген. Маралды халқы президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа бірнеше мәрте үндеу жолдап, жағдайды келіп көруін сұраған. Тоқаев жұрттың арыз-өтінішіне тікелей жауап берген жоқ. Облыс әкімі кен барлау мен фабрика құрылысы "заң аясынан шыққан емес" деген пікір айтқан.
Ватиканда жаңа папаны таңдамақ болғандардың екінші талпынысы да сәтсіз аяқталды

Бейсенбі, 8 мамыр күні Рим-католик шіркеуінің конклавына жиналған кардиналдардың жаңа папаны сайламақ болған екінші талпынысы да нәтижесіз аяқталды. Ең жоғарғы дінбасы болуға ұсынылған кандидаттар бойынша тағы екі рет дауыс беру өткізілгенімен, жергілікті уақытпен күндізгі сағат 11 шамасында Сикстин капелласы шатырындағы мұржадан будақтап шыққан қара түтін сырттағы жұртқа жаңа папа әлі сайланбағандығынан хабар берді.
Мұның алдында сәрсенбі күнгі дауыс беру нәтижесінен соң да мұржадан әуеге қара түтін көтерілген.
Рим папасын сайлау процесі өте құпия түрде өтеді. Сайлау нәтижесін капелла мұржасынан қандай түтін шыққанына қарап білуге болады. Ақ түтін жаңа папа сайланғанын, қара түтін – папа әлі анықталмай жатқанын білдіреді.
Бұл жолы дауыс беруге әлемнің әр түкпірінен жиналған 133 кардиналдың үштен екісінің, яғни кемінде 89-ының қолдауына ие болған адам Рим-католик шіркеуі тарихындағы 267-папа болып сайланбақ.
Формалды түрде кез келген үйленбеген діндар католик папа болып сайлана алады делінгенімен, 1389 жылдан бері Рим-католик шіркеуінің басшысы кардиналдар арасынан сайланып қойылады. Папа болып сайлануға кандидаттар алдын ала анықталмайды. Жаңа дінбасын таңдау кейде бірнеше күнге созылуы мүмкін.
Мұның алдында, 2013 жылы наурызда 115 кардинал сайлаушы жаңа папаны таңдау үшін бес қайтара дауыс берген.
Үш күнге атысты доғармақ болған Ресей Украинаны бомбалады. Бір адам қаза тапты

Украина әуе күштерінің бейсенбідегі таңғы мәліметінде 2025 жылдың 8 мамырына ауған түн жарымынан кейін, Ресей әскері Сумы облысына тактикалық авиация бомбасын тастап, белсенді қимылға кіріскені айтылған.
Ресей президенті Владимир Путин жариялаған үш күндік оқ атпау режимі 8 мамырда түнгі сағат 00:00-де күшіне енуге тиіс еді.
Украинаның төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік қызметі бейсенбі күні таңертең Сумы облысында Ресей армиясы Белополье ауданындағы тұрғын үйлер орналасқан аумаққа шабуыл жасағанын хабарлады. Бір тұрғын үй толық қирап, тағы үшеуіне зақым келген, жеті шаруашылық құрылысы бүлінген. Шабуылға ұшыраған аумақты зерттеу барысында құтқарушылар қиранды басып қалған бір әйелді алып шығып, медициналық жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырған.
Мемлекеттік төтенше жағдай қызметінің дерегінше, Сумы ауданында түнгі атыстан кейін үш тұрғын үйде өрт шыққан. Құтқарушылар оқиға орнында таңға дейін жұмыс істеген. Бір бейбіт тұрғын қаза тапқан. Кейінірек аймақ прокуратурасы болған оқиғаны нақтылап, 8 мамырда түнгі сағат үштің шамасында Сумы ауданына басқарылатын авиациялық бомба түсті деп хабарлады. Салдарынан 55 жастағы әйел өз үйінде қаза тауып, оның 24 жастағы ұлы жараланған.
Ресей әскери билігі Сумы облысына шабуыл жасау жалғасып жатыр деген ақпаратқа байланысты ешқандай түсініктеме берген жоқ.
Харьков облыстық прокуратурасы хабарлағандай, бейсенбі күні таңертеңгі сағат 7.00 шамасында Ресей әскери күштері FPV-дронмен Харьков ауданына қарасты Большие Проходы ауылы маңында жолда кетіп бара жатқан Renault Sandero көлігіне шабуыл жасаған. Салдарынан 18, 30 және 58 жастағы үш әйел жараланған. Олар ауруханаға жеткізілген деп хабарлады прокуратура.
Қазақстан Пәкістан мен Үндістандағы азаматтарын эвакуациялауды жоспарлап отырған жоқ

Қазақстанның сыртқы істер министрлігі екі күннен бері бір-бірін ара-тұра атқылап жатқан Үндістан мен Пәкістандағы жағдай мен ол елдердегі қазақстандықтар жөнінде пікір білдірді. СІМ дәл қазір қазақстандықтарды эвакуациялау мәселесі күн тәртібінде тұрған жоқ деп мәлімдеді.
"Қазіргі кезде ондай қажеттілік жоқ. Соғыс жоқ, ауқымды әскери іс-қимыл жүріп жатқан жоқ. Әуе кеңістігі ашық. Яғни, бұл – Air Astana (қазақстандық әуекомпания – ред.) компаниясының мәселесі, олар жағдайды өздері бағалайды. Біздің азаматтарымызға шынайы қауіп төніп тұрғаны анық болған жағдайда ғана эвакуация мәселесі көтеріледі. Әзірге ондай жағдай жоқ", — деді Қазақстанның сыртқы істер министрінің орынбасары Ақан Рахметуллин 8 мамыр күні парламент сенатындағы брифинг барысында.
СІМ шенеунігі Қазақстан азаматтарының саны Үндістанға қарағанда Пәкістанда көбірек екенін айтты. Қалай болғанда да, қазақстандықтар Үндістандағы Қазақстан елшілігімен байланыста отыр деді ол.
Қазақстандық Air Astana әуекомпаниясы Үндістан мен Пәкістан арасындағы әуе кеңістігінің жабылуына байланысты, 8 мамырдан бастап Алматы – Дели – Алматы және Алматы – Мумбай – Алматы бағыты бойынша рейстерді уақытша тоқтатқанын хабарлаған.
6 мамырдың кешінен бастап Үндістан мен Пәкістан ауық-ауық бір-бірін артиллериядан атқылап отыр, салдарынан ондаған адам қаза тапқаны белгілі болды.
AirAstana Үндістан мен Пәкістан арасындағы жағдайға байланысты Дели мен Мумбайға әуе рейсін уақытша тоқтатты

Қазақстандық Air Astana әуекомпаниясы Үндістан мен Пәкістан арасында қарулы қақтығыс басталғаннан кейін әуе кеңістігінің жабылғанына байланысты Үндістанға ұшатын рейстерін уақытша тоқтатты. Бұл туралы әуекомпаниясының баспасөз қызметі хабарлады.
Air Astana әуекомпаниясы 8 мамырдан бастап KC 907/908 Алматы – Дели – Алматы және KC 291/292 Алматы – Мумбай – Алматы бағытымен ұшатын рейстерді тоқтатуға мәжбүр екенін жария етті.
Air Astana өкілдері тоқтатылған рейстердің жолаушыларына билет құны толық қайтарылатынын мәлімдеді.
"Қазіргі уақытта әуекомпаниясы Қазақстан Республикасының азаматтары мен басқа да Air Astana жолаушыларын елге қайтару мақсатында балама бағыттар бойынша репатриациялық рейстер ұйымдастыру мүмкіндігін қарастырып жатыр. Біз жағдайдың даму барысын мұқият қадағалап отырмыз және кез келген өзгеріс туралы жолаушыларды жедел түрде хабардар етеміз", – деп жазылған Air Astana таратқан баспасөз хабарламасында.
6 мамырдың кешінен бері Үндістан мен Пәкістан бір бірін артиллериялық қарудан атқылап жатыр. Салдарынан ондаған адам қаза тапқан деген мәлімет тарады.
Сәрсенбі, 7 мамырда Үндістан Пәкістан мен Кашмирдің Пәкістан бақылайтын бөлігіне ракета атты. Дели Пәкістанның "террористік инфрақұрылымдарына" шабуыл жасалды деп хабарлады.
Үндістан бұл операциясын 22 сәуірдегі шабуылға қарымта деп атады. 22 сәуірде Кашмирдің Үндістан бақылайтын бөлігіндегі Байсаран алқабында үндістандық туристерге шабуыл жасалып, 26 адам қаза тапқан. Үндістан шабуылды "теракт" деп атап, Пәкістанды айыптаған. Бірақ Исламабад шабуылға қатысы жоғын айтып мәлімдеме жасады. Ал туристерге шабуыл жасаған үш адам Пәкістан азаматы екені айтылған.
Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шариф Үндістанның 7 мамырдағы шабуылын "жиіркенішті агрессия әрекеті" деп атады. Артынша бұл елдің де қарулы күші Кашмирдің Үндістан бақылайтын аймағына шабуыл жасады. Пәкістан Үндістанның бес әуе ұшағын атып түсіргенін айтты. Бірақ Дели бұл мәлімдемеге жауап берген жоқ.
Пәкістан өкілдері шабуылдан кемі 26 адам қаза тауып, 46 адам жараланғанын айтады. Ал Дели Кашмирдің Үндістан бақылауындағы аймағында кемі 7 адам қаза болды деді.
Үндістан мен Пәкістан Кашмир аймағын өз жерім деп санайды. Қазір Кашмирдің жартысын Пәкістан, жартысын Үндістан бақылап отыр.
Зеленский: Ресей аспанынан маза кеткені – әділ жайт болды

Украина президенті Владимир Зеленский 7 мамыр кешке жасаған мәлімдемесінде атысты кемінде 30 күнге толық тоқтату туралы бұған дейін Киевтің Мәскеуге жасаған ұсынысы әлі күшінде екенін айтты.
"Біз дипломатияға мүмкіндік беретін бұл ұсынысымызды қайтып алған жоқпыз. Бірақ Ресей тарапынан әлем жауап көріп тұрған жоқ – жаңа шабуылдардан басқа ешқандай жауап жоқ", – деді Зеленский.
Украина президенті бұл мәлімдемені Мәскеу уақытымен 8 мамырға санаулы уақыт қалғанда жасады. Бұған дейін Ресей президенті Владимир Путин жариялаған атысты тоқтату режимі 8 мамырдан күшіне енуі тиіс болатын. Путин үш күн бойы – 8, 9 және 10 мамыр күндері атысты тоқтату жөнінде бастамасын жариялаған еді. Осы күндері Ресейде Екінші дүниежүзілік соғыста нацистік Германияның күйрегеніне биыл 80 жыл толуына байланысты Жеңіс күні атап өтіледі, ал 9 мамырда Мәскеуде өтетін әскери парадқа бірқатар шет мемлекеттердің басшылары қатысады деп жоспарланған.
Алайда Зеленский Путиннің бұл ұсынысын мағынасыз деп атап, оның орнына АҚШ наурызда ұсынғандай, атысты кемінде 30 күнге ешқандай шартсыз толық тоқтатуға шақырған.
Зеленский үндеуінде Ресей Украинаға 7 мамырда жасаған шабуылдарды еске салып, "Ресей аспанынан да күні бойы маза кеткені – өте әділ жайт болды" деді. Ол күн барысында Ресейдің түрлі аймағында украиналық дрондар байқалғаны туралы көптеп тараған хабарларды меңзеген сияқты. Дрон қаупіне байланысты Мәскеу мен өзге де қалаларда әуежайлар жұмысын уақытша доғарып, 300-ден астам рейс ұшқан жоқ я кейінге жылжытылды немесе басқа бағытпен ұшуға мәжбүр болды. Бұл жағдай ондаған мың жолаушыны әбігерге салды.
Мәскеу мэрі Сергей Собянин 7 мамырда күні бойы Ресей астанасына қарай ұшқан дрондарды әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштері жойғанын хабарлап отырды – оның жазбаларына қарағанда, бір күнде әуеден 20-дан астам дрон атып түсірілген. Ресей қорғаныс министрлігі бір күнде жиынтығы 500-ден астам дронды жойғанын мәлімдеді. Ресейдің оннан астам өңірінің әуе кеңістігінде дрон байқалды, соның ішінде Вологда облысы да бар. Тула мен Саранск қалаларында қорғаныс кәсіпорындарына дрон шабуылдады – бұл ақпаратты Украина дереккөздері растады.
Киев Жеңіс күні, яғни 9 мамырда Ресей аумағына шабуыл жасайтынын тікелей айтқан жоқ. Алайда, Ресейдің бірқатар өңірінде мерекелік іс-шаралар кестесі қайта қаралып жатыр. Мәскеуде мобильді интернет пен ұялы байланыс шала-шарпы жұмыс істеп тұр.
Бұған қоса, президент Зеленский өз үндеуінде Украина қарулы күштерінің бас қолбасшысы Александр Сырский оған Ресейдің Курск және Белгород облыстарындағы ұрыс қимылдары жайлы баяндағанын айтты. 7 мамырда ресейшіл әскери блогерлер украин сарбаздарының Курск облысына енуге тағы да талпыныс жасағанын хабарлады. Атап айтқанда, шекара маңындағы Тёткино елді мекенінде шайқастар жүріп жатқаны айтылды. Ол ұрыстар туралы Ресей де, Украина да егжей-тегжейлі ресми мәлімет берген жоқ.
Трамп 8 мамырды Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңіс күні деп ресми түрде жариялады

АҚШ президенті Дональд Трамп 8 мамырды Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңіс күні деп ресми түрде жариялады. Мұндай ақпарат 7 мамыр күні Ақ үйдің ресми сайтында жарияланды.
Трамп бұған дейін Truth Social әлеуметтік желісінде 11 қарашаны Бірінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңіс күні, ал 8 мамырды Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңіс күні деп жариялайтынын жазған еді. Сол жолы Трамп: "АҚШ Екінші дүниежүзілік соғыста жеңіске жету жолында кез келген басқа елге қарағанда көбірек еңбек сіңірді", — деп мәлімдеген.
Нацистік Германия жеңілгені туралы капитуляцияға қол қойған 1945 жылдың 8 мамырын АҚШ-та әдетте Еуропадағы Жеңіс күні немесе Еуропада Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталған күн деп атайды, бірақ осы кезге дейін АҚШ-та ол ресми мәртебеге ие болмаған. Трамптың жарлығында 8 мамыр нацистік Германияны ғана емес, жалпы Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңіс күні деп белгіленіп отыр.
Мәлімдемеде бұл күн "әлем тарихындағы еркіндік күштерінің ұлы жеңістерінің бірі" — ұлтшыл-социализм мен фашизмді жеңген күн ретінде атап өтілетіні айтылған. Оған қоса АҚШ-тың соғысқа қалай қатысқаны жөнінде егжей-тегжейлі баяндалған.
"Америкалық сарбаздар жанкешті ерлік көрсетпегенде бұл соғыста жеңіске қол жетпеген болар еді, әрі бүгінгі әлем де мүлде басқаша болар еді", — деп жазылған Трамптың мәлімдемесінде. Оған қоса, АҚШ "елінің, бостандығы мен Батыс өркениетінің өміршеңдігі жолында өмірін құрбан еткен әркімнің рухына тағзым етеді" деп жазылған. Трамп тарихта, ең алдымен, бітімгер ретінде қалғысы келетінін де мәлімдеген.
Кейін Ақ үйде сөйлеген сөзінде президент Трамп АҚШ-тың бұл соғыстағы жеңісіне одақтастардың көмегі болғанын, олардың арасында Ресейді де атап өтті, алайда жеңіске, ең алдымен АҚШ-тың арқасында қол жеткенін тағы да атап айтты.
• АҚШ, Ұлыбритания және Совет одағы (оның құрамында Ресей, Украина және өзге де советтік республикалар болған) — нацистік Германия мен оның одақтастарына қарсы соғысқан. Жеңімпаз елдер Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін құрылған Біріккен Ұлттар ұйымына енді. Жеңіске кім шешуші үлес қосқан деген мәселеге тарих ғылымында әлі күнге дейін біржақты кесімді жауап жоқ. Совет одағының адам шығыны Батыс одақтастарының шығынынан бірнеше есе көп болған. Ал АҚШ соғыс уақытында керек-жараққа бөлінген материалдық ресурстар көлемі бойынша одақтастарынан алда тұр. Ресей билігі нацизмді талқандауда шешуші үлесті Совет одағы мен оның ең ірі құрамдас бөлігі ретінде Ресей қосты деп ресми түрде мәлімдеген.
Чехияның Теплице қаласында әлдекімдер қызыләскер ескерткішін құлатқан

Чехияның солтүстігіндегі Теплице шипажай қаласында 7 мамырға қараған түні біреулер Қызыл Армия жауынгерлеріне қойылған ескерткішті бүлдіріп кеткен. Бұл туралы чехиялық бұқаралық ақпарат құралдары хабарлады.
Бұдан 70 жыл бұрын, 1955 жылы қаладағы саябаққа қару асынған қызыләскер ескерткіші орнатылған болатын. Тастан жасалған мүсін ресми түрде мәдени мұра ескерткіші мәртебесіне ие болмағанымен, әскери мемориалдармен айналысатын қорғаныс министрлігінде тіркелген. БАҚ деректеріне сүйенсек, ескерткіштің көлемі мен салмағын ескере отырып, оны бір топ адам қиратқан болуы мүмкін. Тұғырынан құлатылған ескерткіш быт-шыт болып қирап қалған. Таңертең сол маңнан өтіп бара жатқан адамдар ескерткіш бүлінгенін көріп, қалалық полицияға хабар берген.
Полиция бұл оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғап, ескерткішті жоюға қатысы бар адамдарды іздестіріп жатыр. "Бұл мүсіннен қоғамның бір бөлігі қандай нышан көретініне қарамастан, кез келген вандализм әрекетін келіспеушілік білдіру әдісі деп қабылдауға болмайды", – деп мәлімдеді қала мэрі Иржи Штабл. Қала меншігіндегі бұл ескерткіш қайта қалпына келтіріле ме, жоқ па, ол жағы әзірге белгісіз.
Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Чехияда совет жауынгерлеріне қойылған ескерткіштерге зақым келтіру оқиғалары жиілеген. Алайда ондай әрекетке баратындар ескерткішті қиратып-сындырмай, көбінесе граффити салып не жазу жазып кететін.
Әскери ескерткіштер, соның ішінде совет символикасы барлары да, Чехияда мемлекеттің қорғауына алынған. 2020 жылы Прагадағы аудан әкімшілігінің шешімімен совет маршалы Иван Коневтің ескерткіші тұғырынан алынып тасталды. Бұл іске Мәскеу қатты наразы болды. Қала билігі бұл әрекетті 1956 жылғы Венгриядағы халық көтерілісін басып-жаншуға және 1968 жылғы Чехословакиядағы оқиғаларға маршал Коневтің қатысы болғанымен түсіндірді. Одан бөлек, ең басты себеп ретінде, ескерткіш 1980 жылы орнатылғанын және оның Чехословакияны азат ету символы емес, керісінше, 1968 жылғы "Прага көктемі" оқиғаларынан кейін Совет одағына кіріптар, тәуелді елдің белгісі ретінде қабылданып келгенін атап көрсетті.
Си Цзиньпин, Вучич пен Мадуро Мәскеуге барды. Әлиев парадқа қатыспайды

7 мамыр кешке Қытай президенті Си Цзиньпин ресми сапармен Мәскеуге барғанын Ресейдің бұқаралық ақпарат құралдары хабарлады. Қытай басшысының ұшағы Внуково әуежайына қонған. Әуежай дрон шабуылы қаупіне байланысты 6 және 7 мамыр күндері жұмысын уақытша тоқтатқан еді. Алайда Си Цзиньпиннің ұшағы қонуға аз уақыт қалғанда, әуежай қалыпты режимде жұмыс істеп жатыр деген хабар жарияланды.
Қытай басшысынан шамамен жарты сағат бұрын Мәскеуге Сербия президенті Александр Вучич ұшып барды деген хабар тарады. Сол күні оның ұшағы Мәскеуге ұшып жатып, жолда Әзербайжан астанасына қонуға мәжбүр болған. Оған дрон шабуылы қаупіне байланысты әуе кеңістігі жабылғаны себеп болған болуы мүмкін.
Оған дейін Мәскеуге Венесуэла президенті Николас Мадуро барған, Ресей президенті Владимир Путин оны Кремльде қабылдады. Кездесу барысында Ресей мен Венесуэла арасындағы стратегиялық әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.
Мәскеуге Бразилия мен Куба президенттері де ұшып барды.
Шетелдік мемлекет басшылары Ресей астанасына Екінші дүниежүзілік соғыста нацистік Германияны тізе бүктірген жеңістің 80 жылдығына арналған салтанатты шараларға қатысу үшін барды. 9 мамырда Мәскеуде әскери парад өтуі жоспарланған.
Сәрсенбі кешке Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков Әзербайжан президенті Илхам Әлиев пен Лаос басшысы Мәскеуге келмейтін болды деп хабарлады, алайда себебін айтпады. Бұған дейін Кремль Мәскеуге 20-дан астам шет мемлекеттің басшылары келеді деп айтқан.
Латвия, Литва және Эстония Мәскеуге бет алған шет мемлекеттер басшыларының ұшақтарын өз әуе кеңістігі арқылы өткізбейтінін алдын ала мәлімдеген еді. Еуропа одағы Ресей Украинаға қарсы соғыс жүргізіп жатқан шақта Мәскеудегі салтанатты шараға қатысуға қарсы. Еуроодаққа мүше елдер арасынан Мәскеуге 9 мамырдаға парадқа баратынын ресми жариялаған жалғыз мемлекет басшысы — Словакия премьер-министрі Роберт Фицо болды.
Украина дрондарының шабуылына байланысты енгізілген шектеулер салдарынан кейінгі бір тәулікте Ресейде ондаған рейс ұшпай қалды. Атап айтқанда, "Аэрофлот" әуе компаниясы түнгі шектеулерден кейін Мәскеудегі Шереметьево әуежайында жолаушы рейстері тоқтатылуы немесе біріктірілуі мүмкін екенін ескертті. Мәскеудің Домодедово, Внуково және Жуковский әуежайларында да, басқа қалаларда да осындай шаралар енгізіліп, ондаған мың жолаушыны әбігерге салды.
Джо Байден: Владимир Путин Украинаны тұтас алғысы келеді

Ресей президенті Владимир Путин Украинаны Ресейдің бір бөлігі деп есептейді және егер бейбіт келісім жасалатын болса ол Украинаның бір бөлігін ғана бақылауда ұстағанды місе тұтпайды. АҚШ-тың бұрынғы президенті Джо Байден BBC News арнасына берген сұхбатында осылай деді. Байден Ақ үйден кеткелі бері медиаға алғаш рет сұхбат берді.
Байден Ресейге Украинаның бір бөлігін беру мүмкіндігін "қазіргі заманғы ымыраға келу саясатының" көрінісі деп атады. Оның пікірінше, Путин бұрын Совет одағында болғандай ықпалға ие болғысы келеді.
"Ол Совет одағы ыдырап кеткеніне көндіге алмай отыр. Ал ол тоқтайды деп сенген кез келген адам – ақымақ", – деп қосты Байден.
Бұған қоса бұрынғы президент Ақ үйде билікке Дональд Трамп келген соң АҚШ пен Еуропа арасындағы қарым-қатынас нашарлауы мүмкін екеніне алаңдаушылық білдірді. Байденнің сөзінше, мұндай жағдайлар қазіргі заманғы әлем тарихын өзгертуі ықтимал.
- Сәуір айында Парижде өткен кездесуде АҚШ делегациясы Украина мен Еуроодақ елдеріне Ресей мен Украина арасындағы қақтығысты реттеу жоспарын ұсынған. Оған сәйкес, АҚШ Қырымды де-юре Ресейдің бір бөлігі ретінде таниды, ал 2022 жылдың ақпанынан бері Украинаның Ресей әскері басып алған аумақтары Ресейдің бақылауында қалмақ, бірақ бұл аннексия халықаралық деңгейде мойындалмайды. Тек Харьков облысының шағын бөлігі қайтадан Украинаның бақылауына өтуі тиіс деген ұсыныс иесі.
- Украина президенті Владимир Зеленский Киев Қырым мен басқа да аумақтарда Ресей юрисдикциясын ешқашан мойындамайды деп мәлімдеді. Оның айтуынша, Қырым мен Ресей басып алған аумақтардың мәртебесін талқылау соғысты ұзаққа созады.
Ресейде дрондар шабуылына байланысты жүздеген рейс ұшпай қалды

Ресейде дрондар шабуылы жиілеген тұста жолаушы ұшақтары рейстерін кейінге шегеріп жатыр. Әуежайларға қойылған шектеулер 350 рейс пен 60 мың жолаушыға әсер еткен. Бұл туралы Ресей туроператорлар қауымдастығы мәлімдеді.
Мәскеудегі Внуково, Шереметьево, Домодедово әуежайларында да ондаған рейс ұшпай қалды.
7 мамырға ауған түні дрондар қаупі деп Шереметьево әуежайы екі рет жабылды. «Аэрофлот» рейстері ұшпай қалды, Мәскеуге ұшып келе жатқандары қосалқы әуежайға жіберілді. Бұл әуе компаниясы 7 мамырда Мәскеуден ұшатын, Мәскеуге ұшып келетін жүзге жуық рейсін кейінге шегерді. «Победа» әуе компаниясы да рейстерінің жартысын ұшырмай тастады.
Кейбір әуе компаниялары жолаушыларды бес-алты сағат ұшақ бортында ұстаған.
Сербия президенті Александр Вучич мінген ұшақ Мәскеуге қонбай, Бакуға барған. Бұл туралы сербиялық Blic газеті хабарлады. Вучич 9 мамырда Мәскеуде өтетін парадқа қатысатыны айтылған.
Үндістан Пәкістанға шабуыл жасады

Үндістан қарулы күштері 7 мамырға ауған түні Пәкістан мен Кашмирдің Пәкістан бақылауындағы бөлігіне ракетамен соққы жасады. Дели шабуылын "Синдур" операциясы деп атап, тоғыз нысанға соққы жасалғанын айтады. Үндістан Пәкістанның "террористік инфрақұрылымдарына" шабуыл жасалды дейді.
Пәкістан тарабы Үндістанның шабуылынан Пәкістанда үш адам қаза тауып, 12 адам жараланғанын жазды. Қаза болғандардың бірі - бала.
Пәкістан тарабы Үндістанның ракетамен шабуыл жасағанын растады. Бұған қоса, Пәкістан жауап ретінде Үндістанның Сринагар қаласындағы әуе базасы ракетамен шабуылдағаны да айтылды.
Бұған қоса, Пәкістан әуе кеңістігін 48 сағатқа жауып, әскери авиацияны әуеге көтерген.
22 сәуірде Кашмирдің Үндістан бақылауындағы бөлігіндегі Байсаран алқабында үндістандық туристерге шабуыл жасалып, 26 адам қаза тапқан. Үндістан шабуылды "террорлық әрекет" деп атап, Пәкістанды айыптаған. Шабуыл жасаған үш адам Пәкістан азаматы екені айтылған. Осы оқиғадан соң екі елдің арасы суып, соғыс басталуы мүмкін екені айтыла бастаған.
Ресей мен Украина "205-ке 205" формуласы бойынша тұтқын алмасты

Ресей қорғаныс министрлігі 6 мамыр күні Украинамен "205-ке 205" формуласы бойынша тұтқын алмасқанын хабарлады. Хабарламада Украина тарапы тұтқыннан босатқан ресейлік әскери қызметшілер қазір Беларусь аумағында екені айтылған. Тұтқын алмасуға Біріккен Араб Әмірліктері араағайындық жасаған.
Бұған дейін бірқатар ресейлік Telegram-арналар Украина мен Ресейдің тұтқын алмасқаны жөнінде хабарлап, оған қоса тұтқыннан босатылған ресейлік әскери қызметшілердің болжалды тізімдерін жариялаған болатын.
Кейінірек Украина президенті Владимир Зеленский Ресеймен арада "205-ке 205" формуласы бойынша тұтқын алмасу жүргізілгенін растады. Ол өзінің ресми Telegram-арнасында Ресей тұтқынынан босап шығып, еліне оралған украин жауынгерлердің суреттерін жариялады.
Бұған дейін Ресей мен Украина 19 сәуірде тұтқын алмасқан. Ол кезде әр тарап 246 адамнан босатқан. Бұған қоса, Украина жағына жараланған 31 украин жауынгері, ал Ресейге жараланған 15 ресейлік сарбаз қайтарылған еді.
Сол күні Украина президенті Владимир Зеленский соғыс басталғалы бері Украинаға жалпы саны 4552 адам – әскери қызметшілер де, бейбіт тұрғындар да – қайтарылғанын айтқан. Оған қоса, соғысушы екі тарап қаза тапқан сарбаздарын бір-біріне салыстырмалы түрде тұрақты қайтарып келеді.
Беларусь билігі 78 жастағы белсенді Нина Багинскаяның үстінен қылмыстық іс қозғады

Беларусь билігі "көпшілік қатысатын шараларды ұйымдастыру немесе өткізу тәртібін бірнеше мәрте бұзғаны үшін" 78 жастағы белсенді Нина Багинскаяның үстінен қылмыстық іс қозғады. Мұны "Весна" құқық қорғау орталығы хабарлады. Бұл қылмыстық бап бойынша айыппұл салу, еркіндігін шектеу болмаса ең қатаң түрі — үш жылға дейінгі мерзімге бас еркіндігінен айыру жазасы қарастырылған.
Құқық қорғаушылардың мәліметінше, қарт белсендінің қылмыстық қудалануына 2024 жылы киіміне ақ-қызыл-ақ түсті белгі мен ұлттық рәміздерді тағып алып Минск көшелерін кезіп жүруі себеп болған. Былтыр билік оны "заңсыз пикет өткізгені" үшін үш рет әкімшілік жауапқа тартқан.
Билік Багинскаяны бірнеше рет психиатриялық сараптамадан өткізгені белгілі болды. Басқа егжей-тегжейі жарияланбады.
"Нина Багинскаяның жасын ескере отырып, [жаза] неғұрлым жұмсақ болады деп үміттенеміз. Бұл қудалау оның үнін өшіруге тырысу сияқты көрінеді, себебі Нина Багинская 2020 жылғы наразылықтардың маңызды символы, маңызды тұлғасы болған және солай болып қалады", – деді "Настоящее Время" басылымына берген сұхбатында "Весна" құқық қорғау орталығының заңгері Светлана Головнева.
Көше акцияларына совет заманынан — 1988 жылдан бастап шығып жүрген Нина Багинскаяның Беларусь елінде автократ басшы Александр Лукашенконың билігіне қарсы наразылық символына айналғанына көп уақыт болған.
"Мені бұған қайраған — әлеуметтік, саяси және ұлттық әділетсіздік. Сондықтан өзіме егер сілімтік, құл болмасаң, онда жерің мен Отаныңды қорғауға тиіссің деп айттым", – деген Багинская. Ол барлық дерлік митингілерге өзі тіккен ақ-қызыл-ақ түсті үлкен ту ұстап шығады. 2020 жылы ол Беларусьтегі президенттік сайлаудың ресми қорытындысымен келіспей, бейбіт наразылық акцияларына белсене қатысқан.
2019 жылы Нина Багинская мемлекетке 16 мың долларға тең ақша қарыз болған. Бұл қомақты қаржы – оған наразылық акцияларына қатысқаны үшін салынған айыппұлдардың жиынтығы. Айыппұл төлеуден бас тартқан Багинскаяның Минск маңындағы саяжайын билік аукционға шығарып сатып жіберген. Принципке барып, айыппұл төлеуден бас тартқан және өзгелерге де өзінің орнына айыппұл төлеуге тыйым салған қарт белсенді мұны әділетсіз жүйе орнаған мемлекетті қаржыландырғысы келмейтіндігін айтып түсіндірген. Беларусь еліндегі кейінгі президент сайлауы мен наразылықтардан кейін оған тағы бірнеше айыппұл салынған. Билік ол айыппұлдарды Багинскаяның зейнетақысынан ұстап қалады.
2022 жылдың тамыз айында сот Нина Багинскаяға аңшылықпен айналысуға, көлік және шағын қайық жүргізуге тыйым салды. Осы сот шешімімен байланыс операторларына Багинскаяға интернет, ұялы байланыс және теледидар қызметтерін көрсетуге де тыйым салынған.
Германия канцлері қызметіне ұсынылған Мерц қажет дауыс жинай алмады

Германияда 6 мамыр күні бундестагтағы алғашқы дауыс беру қорытындысында Фридрих Мерц атқарушы билік тармағының жетекшісі – федерация канцлері болып сайлануға қажет дауыс жинай алмады.
Жасырын дауыс беру қорытындысы бойынша, Мерцті қолдап 310 депутат дауыс берген, ал канцлер лауазымына бекіту үшін кемі 316 дауыс қажет.
307 депутат Мерцке қарсы дауыс берді.
Мерц басқарып отырған Христиан-демократиялық одақ (ХДС) пен Христиан-әлеуметтік одақ (ХСС) блогы және онымен коалиция құрған социал-демократтар Бундестагта басымдыққа ие — олардың қолында 328 мандат бар. Дауыс беру қорытындысы болашақ билік коалициясының бірнеше депутаты Мерцті қолдамағанын немесе тіпті оған қарсы дауыс бергенін көрсетеді.
Дауыс беру қорытындысы бұлай болады деп ешкім күтпеген еді. Бундестаг отырысында үзіліс жарияланды. Канцлерді сайлау қайтадан дауыс беру бүгін немесе басқа бір күні өтуі мүмкін, оған барлығы 14 күн беріледі.
ПІКІРЛЕР